Ат үстінде туды ұстап шапқанда ерекше күйге бөленеміз: Астана циркіндегі ағайынды акробаттар

Биыл Астаналық цирктің Шыңғыс Орманбетов жетекшілік ететін «Барыс» атты-акробатикалық ансамблі халықаралық «Азия жаңғырығы» фестивалінде бас жүлдені иеленді. Фестивальде 13 мемлекеттен 60-тан аса цирк майталмандары қатысып, бақ сынады. Елорда Инфо тілшісі бас жүлдені жеңіп алған ансамбль құрамындағы қос жігітпен кездесіп, әңгімелескен еді.

Бағдат Мұратқасым мен Әкімхан Оразбек оңтүстік өңірінде туып-өсіп, сонда ер жеткен. Астанаға арман қуып келген. Елордада білім алды, жұмысқа тұрды.

«Біз «Астаналық циркке» алғашында әртістердің көмекшісі болып жұмысқа қабылдандық. Циркте түрлі нөмірлер қойылады. Сондай сәттердің бірінде аттың астынан өтіп, айналып шапқан шабандоздарды көріп таңғалдым. Ауылда атқа қызықпаған менің содан бастап қызығушылығым оянып, ат өнерінің қыр-сырын үйрене бастадым. Екі-үш жігіт осы циркте жұмыс істейтін Шыңғыс ағамызға ат үстінде өнер көрсеткіміз келетінін айттық. Осыдан кейін «Барыс» атты-акробатикалық ансамблі құрылды», - дейді Бағдат Мұратқасым.

«Барыс» атты-акробатикалық ансамблінде 6 шабандоз өнер көрсетеді. Оның 5-еуі – ұл, біреуі – қыз. Әр шабандоздың өзінің көрсететін өнері бар. Бұл ағайынды қос акробаттың цирк өнеріне аяқ басқанына көп болмаса да, бірталай белесті бағындырып үлгерді. Соның бірі – биыл Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық «Азия жаңғырығы» фестиваліндегі жеңісі. Жігіттер «Азия жаңғырығына» 2-3 ай үзбей күнделікті дайындалды. Соның нәтижесінде ұжым халықаралық додада топ жарып, бас жүлдеге ие болды. 

Шабандоздардың әрқайсысына бекітілген аттары бар. Дайындық аяқталған соң тұлпарларын баптап, оларға қарап, дайындайды. Тіпті аттары шабандоздың қандай қимыл жасайтынына дейін біліп отырады.

Кез келген мамандықтың қызығы мен қатар қиындығы болатыны сөзсіз. Атты акробаттар жұмыс барысында өз бастарынан өткен бірер қиындықты мысалға келтірді.

«Бірде Астанаға Ресейден цирк келді. Оған дейін өмірімде қолтырауын ұстап көрмеген едім. Бірақ сол кезде қолтырауынды ортаға алып шығуымыз керек болды. Енді көтере бергенімізде қолтырауын қимылдап, оны жерге тастап жібердік. Жыртқыштың денесі қатты болады екен, қолыңды жырып жібереді. Ал іші жағы жұмсақ, ұстағанда жиіркенесің», - деп еске алды Бағдат.

Айтуынша, циркте әртістер өнер көрсетіп болған соң аз ғана уақытқа залда жарық сөндіріледі. Сол уақытта алаңдағы заттарды тез арада алып кету керек.

«Бірде қаптың ішінде жатқан үлкен жыланды көтеріп шығуымыз керек болды. Жеті жігіттің ешқайсысы жылан ұстап көрмеген. Оны апаруға жүрегіміз дауаламай тұр. Қалайда оны ортаға апару қажет. Ақыры арамыздағы бір жігіт батылдық танытып, алып барды», - дейді Әкімхан Оразбек.

«Барыстың» репертуарында бірнеше қойылым бар. Соның ең қиыны «Бестік» деп аталады. Әкімхан бұл қойылымда қос аттың үстіндегі екі жігіттің үстіне екі жігіт көтеріліп, оның үстіне өзі шығып, ту көтеретінін, бұл қойылымның қиындығы тепе-теңдікті сақтап, төмендегі жігіттерге мейлінше қиындық келтірмеу қажеттігін айтады.

«Көрсетілім соңында туды жоғары көтеріп, желбіретемін. Қолыма қазақтың көк туын алып шапқанда ерекше бір күйде боламын. Тудың қасиеті ме екен, өзімді елге танымал адамдай сезініп, көңілім көтеріледі», - дейді цирк әртісі.  

http://elorda.info/kk/news/view/at-ystinde-tudy-ystap-shapkanda-erekshe-kyyge-bolenemiz-astana-cirkindegi-agayyndy-akrobattar

Все права защинены
Сделано в Тайной комнате
КУПИТЬ БИЛЕТ